Мұнайшылар наразылығы журналистер мен белсенділерді ұстауға ұласты

Арнайы жасақ пен полиция белсенділерді ұстауда


12/04/2023
13:09 2937 0

 

Кеше, 11 сәуірде Астанада жұмыс талап етіп барған 126 мұнайшыны арнайы жасақ ұстағаннан кейін Жаңаөзен, Ақтау, Орал қалаларында халық алаңға шығып, оларды босатуды талап етті. Кейіннен Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының әкімдері Айбек Қосуақов пен Нұрлан Ноғаев халыққа үндау жасап, сабырлыққа шақырды. Ұсталған мұнайшыларда әлеуметтік желіге видео жариялап, қолдаған қазақстандықтарға рахмет айтып, үйлеріне тарауларын сұрады. 

 

Бүгін, 12 сәуірде Астанада ұсталған мұнайшылардың бір бөлігі ұшақпен, бір бөлігі пойызбен Жаңаөзенге қайтқандары жөнінде, қалған бөлігі Астанада «ҚазМұнайГаз» компаниясымен келіссөз жүргізетіні жөнінде ақпарат тарады. Бұған қоса, Жаңаөзенде алаңға шығып, жолды жапқан адамдардың ұсталып, кейіннен босатылғаны жөнінде айтылды. Бірақ ұсталулар бұнымен тоқтаған жоқ. 

 

Оралда журналист, саяси белсенді Лұқпан Ахмедияровты көшеде көлігім кетіп бара жатқан жерінен арнайы жасақ тоқтатып, машинасын қоршауға алып, ұстады. Оның бауыры Жаннат Ахмедияровтың айтуынша, ағасының үстінен «бейбіт митингке шақырды» деген айып таққан. Лұхпан Ахмедияров әлеуметтік желіде ешкімді митингке шақырмаған, тек әкімдік жиын өткізуге рұқсат бермегенін айтқан. 

 

Алматыда саясаткер Мұхтар Тайжанды да полиция ұстады. Бұл жөнінде ол өзінің Facebook парақшасында видео жариялап, жазба жариялады. Онда екі полиция қызметкері Тайжанның үйіне келгені бейнеленген. Саясаткердің өзі 9 сәуірде өткен митинг үшін 488-бап бойынша іс қозғалғанын айтты. 

 

Бұған дейін Мұхтар Тайжан 12 сәуірде Алматыда «Халық парламенті» мүшелері Батыр Адайбаев, Жібек Әменова, Асылбек Қараевтармен бірге Жаңаөзен мұнайшыларын қолдап баспасөз мәслихатын өткізетінін мәлімдеген. 

 

Сәуірдің 11-інен 12-іне қараған түні Жаңаөзен мұнайшыларын қолдаған Нұржан Әлтаевты полиция ұстап, «бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін» 15 тәулікке қамаған. 

 

Әлеуметтік желіде алматылық белсенділер Мұхтар Тайжан мен Нұржан Әлтаевты босатуды талап етіп Республика алаңына жиналатындарын мәлімдеген. Алаңды полиция мен ҰҚК қызметкерлері бақылауға алған. Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы бастаған ондаған белсенді Жаңаөзен мұнайшыларын қолдап, ұсталғандарды босатуды талап етіп жиын өткізуде.  

 

Жаңаөзендік мұнайшылар 10 сәуір күні Астанаға тұрақты жұмыс талап етіп барып, энергетика министрлігі алында бір күн түнеген. 11 сәуір күні «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілдерімен келіссөз жүргізіп, мәмлеге келе алмаған. Түстен кейін оларды арнайы жасақ қоршауға алып, кейін ұстаған. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/04/2023 13:09
2937 0

Уведомление